2024 жылдың 22 қаңтарында ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық жолын жалғап, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған педагог, ақын, публицист, өлкетанушы, қоғам қайраткері, абзал азамат Масғұт Әлімжанұлы (құжат бойынша Василий Амельянович) Шалабаевтың туғанына 90 жыл.

Масғұт Әлімжанұлы Ыбырай туып-өскен жердегі ежелгі елді мекендерінің тарихи атауларын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласқан. Ы.Алтынсариннің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Обаған ауданының Алтынсарин ауданы болып өзгертілуі мәселесін бірінші болып көтерді.

Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі ашылғанда, Ыбырай мен айналасындағы танымал тұлғалар жайында материал жинауға да көп еңбек сіңірді. 1991 жылы Троицк, Орск, Орынбор, Ақтөбе, Ырғыз жерлеріне «Ы.Алтынсарин ізімен» үгіт поездының ұйымдастырылу жұмыстарының басы-қасында болды. Орынбордағы Ыбырай оқыған мектеп ғимаратына ағартушының мемориалдық тақта белгісінің орнатылуына ат салысты.

2024 жылғы 22 қаңтарда Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі М.Шалабаевтың 90 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр иесі» портрет кеші, көрменің ашылуын өткізді.

Іс-шараның ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, М.Шалабаевтың ұрпақтары қатысты.

Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Сарин, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Айжан Сәдуақасова М.Шалабаевтың қайраткерлік қыры, қоғамдық қызметі жайында баяндап, сан қырлы тұлғаның қандай құрметке болса да лайықты екендігін атап өтті.

Көрнекті ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхмет ақын, аудармашының шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Педагогикалық ғылымдар кандидаты, РhD, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Тұрсынай Көнекова, еңбек ардагері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Светлана Мачнева ұстаздық жолы жайында естеліктер айтты. Алтынсарин ауданындағы «Шалабаев шахмат мектебінің» ұйымдастырушысы, Сүлеймен Мұрзатаев спорт саласындағы жетістіктеріне шолу жасады.

Портреттік кеш Масғұт Шалабаевтың 90 жылдығына арналған көрменің салтанатты ашылуымен жалғасты. Көрмеге дарынды ұстаздың жұмыс барысында қолданған заттары, кітаптары, құжаттары, фотосуреттері қойылды.