8 қаңтар күні  осыдан бір жарым ғасыр бұрын Ыбырай Алтынсарыұлы Торғайда алғаш мектеп ашты.  Осыған орай, 2024 жылдың 8 қаңтарында Ыбырай музейінде ұлы ұстаз, педагог ағартушы Ы.Алтынсарыұлы ашқан тұңғыш мектептің 160 жылдығына арналған «Қазақ мектебінің қара шаңырағы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Тағылымды кешке ағартушы негізін қалаған мектептен білім алған түлектер, облыстық мәдениет мекемелерінің басшылары,  мектеп мұғалімдері, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Торғайдағы Ыбырай ашқан мектептің  түлегі, мемлекет қайраткері, ғалым, Жаһандық Су әріптестігінің Қазақстан бойынша төрағасы Нариман Қыпшақбайұлы арнайы келіп, мектептің тарихы жайында тың деректермен бөлісіп, Торғайдағы алғашқы қарлығаш – мектеп жайында естеліктер айтты. Ыбырай Алтынсарин музейіне жеке заттары мен зерттеу еңбектерін табыстады.

Іс-шара барысында  көпшілікке таныс «Ыбырай шәкірттерінің маршы» әнін Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты оқушыларынан құралған хор орындады. Мектеп тарихы жайында деректі фильмдерден үзінді көрсетіліп, Ыбырай мектебінен түлеп ұшқан атақты тұлғалар жайында ақпарат берілді.

Торғайда ашылған мектептен талай саңлақ ақын-жазушылар, ғұлама ғалымдар, оқымыстылар шықты. Осы танымдық кеште әр саланың майталман мамандары –  ғалымдар мен ұстаздар арнайы құттықтауларын жеткізді. Торғай мектебінде басшылық қызмет атқарған ұстаз, Қаз ССР халық ағарту ісінің үздігі Сұлтанғали Әлмағамбетұлы мектептің тарихы жайында естелік кітабы мен деректі құжаттарды табыстап, музей қорын толықтырды.