2023 жылдың 15 желтоқсанында Ыбырай музейінде «Желтоқсанның мұзға жаққан алауы» атты желтоқсан құрбандарын еске алу кеші өтті.
Іс-шара мақсаты: Тәуелсіздікті жақындатқан, қазақтың асқақ рухын танытқан Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қайсар қазақ жастарын, олардың ерліктерін жас ұрпаққа жеткізу. Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсаншыларға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір — қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.

Іс-шараның басында желтоқсан құрбандары жайлы желтоқсан оқиғасынан бейне ролик көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Кешке Желтоқсан көтерілісінің шығу себебі мен тарихи деректері жайында баяндап беру үшін Қостанай өңірлік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы Руслан Жүсіпов қатысып, ержүрек қазақ жастарының тәуелсіздікке қосқан үлесі туралы сыр шертті.

Еске алу кешінде Мариям Хакімжанова атындағы №20 жалпы білім беретін мектептің оқушылары желтоқсан құрбандары туралы өлеңдерді және №115 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Ақан Жұлдыз өзінің жеке авторлық өлеңін оқыса, музейдің қызметкері Сабыржан Кәмшат Сәбира Мұхамеджанованың қазасынан кейін анасының айтқан зары «Сәбирам менің, сәбиім менің» монологын оқыды.