2023 жылдың 24 қарашасында Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне арналған «Әйел құқығы» атты дәріс өтті.

Іс-шараның басында бұл халықаралық күннің шығу тарихы, сондай-ақ Ы.Алтынсариннің Қазақстандағы қыздар білімінің дамуына қосқан үлесі жайында айтылды. Дәріс барысында психолог-кеңесші және терапевтік топтардың жетекшісі Элина Каёхтина тұлға ретінде өз құндылығын түсінудің, жеке шекара құрудың және адамның өз-өзіне деген сенімділігінің маңыздылығы туралы баяндады.

Дәріске арнайы шақырылған Қостанай облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу жөніндегі «Альянс женских сил» координациялық кеңесінің мүшесі Аманқұлова Арайлым Жұмағалиқызы сөз сөйледі.

Ол өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, әйел өзіне қарсы қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық болған жағдайда қандай іс-әрекеттер жасау керектігін, құқық қорғау органдарынан қандай көмек алуға болатынын айтты.

Іс-шара соңында Қостанай индустриалды педагогикалық колледжінің студенттері дәріс тақырыбы бойынша сұрақтар қойды.