2019 жылы 03 қазанда кешкі сағат 21.00-де Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде «Музейдегі түн» республикалық акциясы аясында Қазақ КСР-нің халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қапан Бадыровтың туғанына 115 жыл толуына арналған «Сахна саңлағы» атты көрме ашылды.

Түнгі іс-шараға Қапан Бадыровтың туысы Урунтай Галимұлы, ақын Серікбай Оспанов, қаламгер Оразалы Жақсанов, І.Омаров атындағы қазақ драма театрының актері Иманов Қабдул-Мәжит және Е.Өмірзақов атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Урунтай Галимұлы мен Иманов Қабдул-Мәжит көрме лентасының қию рәсімін жасады.

Олар Қапан Оралұлының актерлік шеберлігі және мінезі, отбасы туралы сыр шертті. Музей қызметкері Қапан Бадыровтың өмірі мен шығармашылық қызметіне тоқталып, қысқаша мәлімет берді. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыров Манап терме орындады.

Дарынды актердің көзін көрген ақын Серікбай Оспанов өзінің арнау өлеңін оқыды. Қазақ кино өнерінде Қапан Оралұлы «Амангелдідегі» – Қаратай, «Сын бойца» новелласындағы басты кейіпкер Сәбит Айманов, «Алыптың әніндегі» – Көреген рөлінде ойнады. Осы аталған фильмдерден үзінді көрсетілді.