ЖАҢАЛЫҚТАР

Prev Next

БІЗДІҢ САУАЛ

Откуда Вы узнали о нашем сайте?

TV - 33.3%
Radio - 0%
Пресса - 0%
Интернет - 66.7%

2019 жылдың 29-31 мамыры аралығында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлері ғылыми іс - сапармен Орал қаласына барды.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске  алу күні қарсаңында, яғни    30 мамырда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде өткен ағартушы-педагог,     алаш қайраткері,    Батыс Алашорданың  мүшесі, Орал облыстық ІІІ қазақ съезінің делегаты,  Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин іргесін қалған мектептің түлегі, әрі ізбасары Төлеген Иманғазиевтің туғанына 145 жыл толуына арналған «Алаштың ардақты азаматы» атты еске алу   кешіне  Алматы қаласындағы ҚР орталық мемлекеттік мұрағаты директорының орынбасары Жылысбаева Мәрзия Ғаниқызы,   Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері Қуанова Роза Қаратайқызы және тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым  Жаңабек Жақсығалиев, Төлеген Иманғазиевтің ұрпақтары қатысып, Қаратөбе ауданындағы қуғын-сүргін құрбандары мен Төлеген Иманғазиевтің  өмірдеректерімен бөлісіп, сөз сөйледі. Жиналған жергілікті халық риза болып, жылы лебіз танытты.    

Ал, 31 мамырда  Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейімен мәдени-рухани байланысты орнатып, өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт  қол қойылып, «Ұлы даланың  ұлы тұлғалары» атты көрме ашылды. Онда Ыбырай Алтынсарин музейі қорынан Ыбырай Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқабы мен 1884 жылы қазан баспасынан араб қарпінде шыққан «Шариғатул-Ислам» сирек әрі көне кітабының түпнұсқасы және Мәриям Хакімжанованың 1935 жылы латын графикасы негізінде шыққан «Жеңешем» атты алғашқы өлеңдер жинағы, 1945 жылы жарық көрген «Мәншүк» кітабы,  М.Мәметованың туған жеріне барғандағы тарихи фотоқұжаттар, қолданған жеке заттары көрсетілді.  

Көрменің ашылуында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерсаев Мирболат Бижанұлы,  айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова музейлер арасындағы тәжірибе алмасу және достық қарым-қатынас туралы айтты. Бұл шарада  мектеп оқушылары    ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолы, сондай-ақ ағартушының аталас туысы, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын, қазақтың батыр қызы Мәншүкке арнап тұңғыш поэма жазған Мәриям Хакімжанованың шығармашылығымен танысып,  тың ақпарат алды.

Қазақтың ұлтын сүйген данқты тұлғалардың танылып,  насихатталу аумағын кеңейту және қос мекеме арасында жасалған келісімшартты іске асыру негізінде Елбасының «Ұлы даланы жеті қыры» мақаласы аясында өткен мәдени іс-шаралардың көпшілікке берер тағылымы мол.