ЖАҢАЛЫҚТАР

Prev Next

БІЗДІҢ САУАЛ

Откуда Вы узнали о нашем сайте?

TV - 33.3%
Radio - 0%
Пресса - 0%
Интернет - 66.7%

Дербес коллекциялар

Құрметті зиялы қауым, Ы.Алтынсарин музейі ұсынып отырған дербес көрмелерді көріп отырсыздыр. Көрсетіліп отырған көрмелердің тізімін, сонымен қатар дәрістер, іс-шараларды «Біздің қызметтер» айдарынан таба аласыздар. Біздің музейге келуге шақырамыз!

 

 

 

Спандияр Көбеев - педагог-ағартушы, жазушы, аудармашы, 1878 жылы 1 қазан айында Торғай облысының Обаған болысы №3 ауылында (қазіргі Меңдіқара ауданы) дүниеге келген. С.Көбеевтің алғашқы кітабы «Үлгілі тәржімә» (И.А.Крыловтың мысалдарынан аударылған) 1910 жылы басылды. Кейін «Үлгілі бала» атты педагогикалық еңбегі кіші мектеп балаларына арналған оқу құралы ретінде құрастырылды. 1913 жылы қазақ жазба әдебиеті тарихында  «Қалың мал» атты тұнғыш романы басылып шықты.1951 жылы «Орындалған арман» атты мемуарлық кітабы жарық көрді. Халық ағарту майданындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды, екі рет Ленин орденімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогімен марапатталды. Спандияр Көбеев 1956 жылы 2 желтоқсанда 78 жасында жарық дүниемен қоштасты.

 

 

  

Чутаев Ахметқазы Қазкемелұлы - Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, педагог-ағартушы, суретші, мүсінші. Қостанай облысы Меңдіқара болысы №4 ауылдағы Ұялысай мекенінде 1902 жылы 9 тамыз күні дүниеге келген. 1908-1911 жылдары аралығында Меңдіқара мектебінде, 1911-1916 жылдары Троицк қаласындағы ерлер гимназиясында оқыды. А.Чутаев ұстаздық жолын 1919 жылы аласапыран кезеңде бастады. Уездік халық ағарту бөлімінің қызметкері Қияс Қабылбаев А.Чутаевты қабылдап, оған Арақарағай болыстық мектебіне жолдама береді. Кейін Ұзынағаш мектебінде мұғалім болды. Ахметқазы Чутаев халық ағарту саласында маңызды да жауапты қызметтер атқарды. 1930-1932 жылдары Меңдіқара ауданының Ақсуат ауылындағы ашылған орыс-қазақ орталау мектебінде орыс тілі және орыс әдебиеті пәндерінен дәріс беріп,  С.Көбеев, Қ.Байназаров, Б.Тебеев сынды ұстаздармен  еңбек етеді. Ол белгілі педагог-жазушы С.Көбеевпен бірге 20 жылға жуық жұмыс істеді. 1936 жылы Еңбек бастауыш мектебінде директор, ал 1943-1947 жылдары Меңдіқара ауданы оқу ісінің меңгерушісі болды. 1947-1948 жылдары Сарыкөл ауданына қарасты Қараоба мектебінің директоры болып тағайындалды. 1950 жылы Қарашілік орта мектебінде, 1970 жылы Қаратал орта мектебінде жасөспірімдерді тәрбиелеп, білім берді. Чутаев А. белсенді ағартушылық, қоғамдық қызметі үшін екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендер және медальдармен марапатталды, Қостанай облысының “Құрмет Кітабына” енді. Ахметқазы Чутаев 1991 жылы өмірден өтті.

 

 

 

Мәриям Хакімжанова 1906 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Алтынсарин ауданы «Қызыл шоқ» (бұрын Мезгіл деп аталған) ауылында туған. 1929 жылы Алматыға келіп, сауатсыздықты жою мектебінен сабақ алған Мәриям кейіннен Бейімбет Майлиннің көмегімен КазПИ-дің жанынан ашылған жұмысшы факультетінен дәріс алады. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде КСРО Жазушылар одағы мүшелігіне өтіп, оған М. Горькийдің қолы қойылған мүшелік билеті берілді. М.Хакімжанова 30-дан астам кітап жазды, бауырлас халықтар әдебиетінің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ әдебиетінің дамытудағы орасан еңбегі үшін Мәриям Хакімжанова екі рет «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. 1986 жылы оған «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. Мәриям Хакімжанова 1995 жылы ақпанның 7 күні қайтыс болды.

 

 

  

Дарқанбаев Темірбай Байбосынұлы - Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, биология ғылымдарының  докторы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері 1910 жылы 24 қазанда Қостанай облысы Денис ауданы «Аршалы» деген жерде  туылды. 1925-1930 жылдары Қостанай қаласындағы Қазақ коммунасында (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы  дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты) оқыды. 1931 жылы дайындық курсын бітірген соң комсомолдың жолдамасы бойынша М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультетіне түседі. 1936-1937 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, 1938-1941 жылдары КСРО ҒА биология институтының аспиранты, 1941-1943 жылдары КСРО ҒА  биохимия зертханасының аға ғылыми қызметкері, 1943-1946 жылдары проректор, 1946-1970 жылдары кафедра меңгерушісі болды. 1955-1961 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ректор қызметін атқарды. Ол екі рет Құрмет Белгісі орденімен, КСРО-ның бес медалімен және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1954 жылы “Қазақ КСР - нің еңбек сіңірген Ғылым қайраткері” құрметті атағын алды. 1987 жылы қайтыс болды.

 

 

  

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі қоғам қайраткері Нәзира Дәулетова Қостанай облысы  Сарыкөл ауданында 1926 жылдың 20 наурызында дүниеге келген. 1932 жылы Дәулетовтер жанұясы Челябі облысының Щадрин қаласына қоныс аударғанда 6 жастағы Нәзира оқуға барады. Ол мектеп бітірген соң Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1947 жылы институт бітіріп, қазақтың мемлекеттік Пушкин атындағы (қазіргі ҚР Ұлттық) кітапханасына кітапханатану секторының әдіскері болып жұмысқа орналасады. Екі жылдан соң оқу залының меңгерушісі болады. 1948-1952 ж.ж. Москва мемлекеттік кітапхана институтында сырттай оқиды. 1963 жылы Пушкин атындағы Қазақ КСР мемлекеттік кітапханасының директоры болып тағайындалады. 1987 жылы зейнеткерлікке шығып, 8 жыл бойы Ғ.Мүсіреповтің әдеби мемориалдық музейінің директоры қызметін атқарды. Кітапхана ісін дамытудағы еңбегі үшін 1957 ж. «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы» құрметті атағы берілді. 1967 жылы Ленин ордені, 1986 ж. «Құрмет белгісі» ордені, медальдар және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1999 жылы тамыз айының 16 жұлдызында қайтыс болды.

 

  

 

Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қостанай және Арқалық қалаларының құрметті азаматы, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Ғафу Қайырбеков 1928 ж. 15 тамызда Торғай қаласында дүниеге келген. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірді. Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия секциясын басқарды, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. 40-тан астам кітаптар шығарды. Алғашқы жинағы 1954 ж. «Құрдас» деген атпен басылды. Көп ұзамай «Дала қоңырауы» поэмасында қазақтың ұлы ақын ағартушысы Ы.Алтынсарин туралы сыр шертті. Әдебиетті өркендетуге қосқан үлесі үшін орден, медальдар, құрмет грамоталармен марапатталды. Ғафу Қайырбеков 1994 ж. 3 қарашасында қайтыс болды.

  

 

 

Қазақстан Республикасының аса көрнекті ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері Манаш Қабашұлы Қозыбаев 1931 жылы 16 қарашада қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Тазкөл жерінде дүниеге келген. 1947 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін үздік бітіріп, Үлгілі жеті жылдық мектебінде мұғалім болды. 1953 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік тәмәмдап, Қостанай педагогикалық институтында жұмыс істеді. 1958 жылы Қазақстан ОК жанындағы Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кейін сектор меңгерушісі болды. 1970 жылы Шоқан Уалиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері. 1974-1980 жылдары ол Алматы малдәрігерлік институтында, кейін С.Киров атындағы ҚазМУ-дың жанындағы қоғамдық ғылымдар пәндері оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1980 жылдан Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакциясын басқарды. Оның басшылығымен сол кезеңде орыс және қазақ тілдерінде 4 томдық «Қазақ КСР» энциклопедиясы, «Алматы», «Қарағанды облысы» энциклопедиялары, Ш.Уәлихановтың 5 томдық жинағы  басылып шықты. 1986-1988 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында тарихнама және деректану бөлімінің  меңгерушісі,   директоры болып еңбек етті. 1995 жылы   Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. 1997 жылы ҚР Президентінің бейбітшілік және рухани келісімі сыйлығының иегері атанды. Оған 1986 жылы «Қазақ КСР-нің  Еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді. Ғалым Қазақ КСР Жоғарғы Кенесінің Құрмет грамоталары, Қазақстан Республикасы және КСРО медальдарымен марапатталған. М.Қозыбаев 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер, соның ішінде 30 монография, 50-ден астам оқулықтар мен оқу құралдарын жазды. 2002 жылы 31қаңтарда қайтыс болды.