«Шариғатул-Ислам» кітабы Ыбырай музейінің алтын жауһары саналатын түпнұсқа жәдігер.
1884 жылы Қазан баспасында жарық көрген құнды мұраға алдағы жылы 140 жыл толады.

Әбден тозығы жетсе де, құндылығынан ажырамаған «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабы ҚМДБ өкілдерінің қолдауы мен қызығушылығына ие болып, қайта қалпына келтіріп, келешек ұрпаққа кеңінен насихатталу мақсатында реставрациялау жұмысына қаражат бөлінді. Осы жылдың мамыр айында Ыбырай музейі Астана қаласындағы қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығымен келісім шарт жасасып, реставрация жұмысын бастан кеткен болатын.

Жұмыс оң нәтижесін беріп, бүгін Ыбырай Алтынсариннің ислам шариғаттары туралы араб қарпінде жазылған әдістемелік құралы «Шариғатул-Ислам» (Мұсылманшылықтың тұтқасы) оқулығының қайта қалпына келтірілген нұсқасын Ұстаз музейіне Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзі әкеліп табыстады.

Естеріңізге сала кетсек, бұл кітапты 2008 жылы Қостанай облыстық Марал ишан мешіттің бас имамы Ертай қажы Исламұлы музей қорына сыйға тартқан болатын.