Бүгін қазақтың ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің дүниеден озған күні. Осыған орай Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен кесененің басында «Ыбырай ел жадында» атты еске алу сағаты өтті. Іс шараға қатысу үшін арнайы шақырылған «Имани жаз-2023» жазғы діни сауат ашу курсында оқып жүрген шәкірттерге Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірі және мәңгі тыныстап жатқан «ҚР киелі жерлері» қатарына енген кесенесі туралы мағлұмат берілді. Ағартушының әруағына құран бағышталды. Ыбырайтанушы ғалым Қалқаман Жақып сөз сөйлеп, Ыбырай атамыз да бала күнінде ауыл молдасынан хат танып, дәріс алғандығын тілге тиек етті. Кесене аумағында орналасқан мінбеде мешіт шәкірттерінің арасында құран оқудан жарыс өткізілді. Тағлымды шараны музей басшысы Марғұлан Оспанов қортындылап, Ибраһим және оның отбасына бағыштап құран оқыған шәкірттерге сый-сияпат жасады.