Жыл сайын, маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. 2023 жылдың 19 маусымында Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Дәрігер – мейірімділік пен ізгілік жаршысы» аты әдеби сазды кеш өтті.

Ақ халатты абзал жандардың құрметіне іс-шараның шымылдырығын Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Анастасия Пикулева «Люди в белых халатах» атты әнін шырқап, ашып берді.

Іс-шараның өту барысында медицина тарихы жайында сөз қозғалып, қазақтың тұңғыш уездік дәрігері Мұхамеджан Қарабаевтың өмірі мен еңбек жолынан мағлұмат берілді, әрі дәрігер жайында видео көрсетілді.
Кеш қонағы филология ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы ғалым, «Ыбырай жолы» кітабында М.Қарабаев туралы жазған Серікбай Оспанұлы сөз сөйледі. Ал Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері, балалар хирургі Уәлиев Бекболат Дүкенбайұлы өз жұмысы жайында ой бөлісті.
