2023 жылдың 8 маусымында Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінде атақты ақын-бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты жерлес ақынымыз, Амангелді ауылының Құрметті азаматы, айтыстың алғашқы аруанасын жетектеген ақын, «Жас ақындардың үздік ұстазы» атағының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Орманшина Әлпия Карбозқызымен «Айтыстың Аруанасы» атты кездесу кеші өтті.

Кешті Әлпия Карбозқызының сөзіне жазылған әнімен Қостанай облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармониясының әншісі Динара Намиялы бастады. Ұзақ жылдар бойы айтыс өнерінің саңлағы, қаншама айтыскер ақындардың жұлдызының жануына себепші болған ақын-ұстаз. Ел алғысына бөленіп жүрген елінің ерке қызы–Орманшина Әлпия Карбозқызы музейге өзінің қасиетті қара домбырасын сыйға тартты. Кездесу кешіне өңіріміздің зиялы өкілдері мен ел ағалары, ақынның әріптестері және шәкірттері қатысып, ыстық лебіздерін айтты. Кешті белгілі ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы, профессор Серікбай Оспанов ағамыз өнегелі сөзімен бастап, тілегін айтты. Айтыс ақыны, Қазақстанның халық ақыны, Қостанай қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Мәдениет және Білім саласының Үздігі Беркенова Әсия Әйіпқызы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қостанай қаласының Құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі, қоғам белсендісі айтыскер ақынымыздың әріптесі Римма Ғабдолқызы да ақын жайлы естеліктерін айтып, сыр шертті.

Қостанай облысы Дін істері басқармасының басшысы, Әлпия апайымыздың шәкірті Қалмақов Ерлан Болатұлы Тобыл-Торғай өңіріндегі ақын шәкірттерінің атынан сөз сөйлеп, сый-сияпат жасады. Айтыскер ақын, асыл сөздің иесі Мамай Ізтілеу ыстық ықыласын білдіріп, кешімізге арнаған «Арнау» жырын оқыды.



Кеш соңы әнші-композитор Жарқынбек Деріпсалдиннін әніне басылып, Әлпия апайымыздың сөзіне жазылған « Бал немерем» әнімен аяқталды.