18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейі «Музей түні» жобасы аясында Ы.Алтынсарин негізін қалаған қолөнер мектебінің 140 жылдығына арналған қостанайлық қолөнер шеберлерінің музейлік көрмесін ұйымдастырды.

Іс-шара музейдің аумағынан ән шашумен басталып, Қостанай қаласының орталық ойын-сауық көшесінен жүріп орталық алаңға жиналған көпшілікке  музей түнін хабарлап, лотореялық ұтыстары бар  шақыру қағаздарын аю мен қоян киімін киген қуыршақтар үлестірді.
Облысымызға танымал өнерпаздардан құрылған ұжымның концерттік бағдарламасын тамашалаған жұрт музейге бас сұғып, қолөнер бұйымдарымен танысты.

Халық қолөнерінің бай мұраларының бірі ағаштан түйін түйіп, түрлі бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасаған шебер, жоғары санатты актер, ҚР мәдениет қайраткері, он саусағынан өнер тамған Қабдол-мәжит Иманов, Республикаға белгілі суретші, мүсінші Мұханбетқали Рахалиев қатысып, жасаған қолөнер бұйымдарын көрмеге қойып және олардың жасалу жолдарын көрсетіп отырды.

Сондай-ақ, суретші Баян Баталова, тігіншілер Меңдігүл Сарина, Дария Едігенова, Нәзипа Әлімбаева, маржан тастардан тізбектеп, тоқыма өнерін меңгерген Қымбат Базар, қолөнер саласындағы жаңа технологияларымен көзге түскен ағайынды Аңқауовтардың шеберлік бұйымдары, теріден тігін тігіп, тұрмыстық бұйым әзірлеуші шебер Айдын Диханбаевтың  сүйіспеншілік пен,  қиял-ғажайып ойлардан туған туындылары айшықты түрлі-түсті бояулармен қаныққан, табиғи қой жүнінен жасалған түрлі сувенирлік және  тігіншілер бұйымдары мен қайыстан жасалатын тұрмыстық заттарды көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, саз балшықпен иленіп жасалатын бұйымдардан, «Өркен» студиясының оқушылары шеберлік сағат көрсетті.

Экраннан әлем және Қазақстан  музейлері туралы құнды экспонаттармен таныстыратын слайдтар топтамасы көпшіліктің таным көкжиегін арттырды.

Лоторея билеттері ойнатылып, келушілерге ұтыс сыйлықтары берілді. Музей экспозициялары мен жәдігерлер жайында түрлі сұрақтар қойылып, танымдық ойындар, викториналар өткізілді.
Келушілер X।X ғасыр сыныбында Ы.Алтынсариннің сабақ беруін сомдаған актер М.Жапаровты ынтамен тыңдап, қонақтар Ыбырай заманына сапарлағандай ерекше әсер алды.