Беген Қаженұлы Көпештің 85 жасқа толуына орай «Ағартушы аманатына адал азамат» атты кездесу кеші өтті.
2023 жылғы 15 мамырда Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінде «КСР халық ағарту саласының үздігі» және «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, Қостанай қаласының Құрметті азаматы Беген Қаженұлы Көпештің 85 жасқа толуына орай «Ағартушы аманатына адал азамат» атты кездесу кеші өтті.Ұзақ жылдар ұстаз болып қызмет атқарып, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен азаматтық тұлғасын қалыптастыра білген Беген Қаженұлының саналы ұрпақ тәрбиелеуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оқу-тәрбиелік жұмыстың қыры мен сырын жетесіне дейін біліп, біліктілігінің арқасында біраз белестерді бағындырды. Кездесу кешіне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев арнайы қатысып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.«Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағасы Батырбек Ахметов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалының басшысы Марионелла Слесарь, Ы.Алтынсарин мектеп-интернатында ұзақ жылдар қызмет атқарған, басшы болған білікті ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сәбира Қайырова, облыстық локальдық кәсіподақ ұйымының атынан Шолпан Сейтқожина Беген Қаженұлына жылы лебіздерін білдіріп, өнегелі өмірі мен қызметі жайында сыр шертті.
Беген Қаженұлының ағартушылық қызмет жасаған білім ошағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы ұстаздары атынан Гүлмира Тасанова құттықтады. Беген Қаженұлының тәлімін алған шәкірттері ақжарма тілектерін жеткізді.