Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде  «Ыбырай шетел ғалымдарының зерттеуінде…»атты ыбырайтанушы, абайтанушы, түрік ғалымы, PhD доктор,  ең алғашқы түрік тіліндегі Ы.Алтынсарин туралы кітаптың авторы Экрем Аянмен кездесу өтті.
Кездесу барысында Экрем Аян Ыбырай Алтынсарин туралы өзі жазған «Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы – Ыбырай Алтынсарин» (түрікше атауы «Modern Kazak Edebiyatının Öncüsü Ibıray Altınsarin») атты кітабы жайында толық ақпарат берді. Сонымен қатар, түрік тілінде жарық көрген  «Абай Құнанбаев – дәуір айнасы», «Қазақ дастандары» кітаптары туралы да  кеңінен баяндады.
Іс-шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері белгілі ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы, ақын, жазушы, драматург Шаяхмет Ақылбек Қожаұлы, ұстаз Сүйінкина Пиалаш қатысты.
Қостанай облыстық Мәдениет басқамасының басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақов түрік ғалымына Ыбырайдың туған еліне арнайы табан тіреп келгені үшін алғысын жеткізді.
Кездесу кешіне көрермен ретінде қатысқан Дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары мол мәліметпен қанықты.