Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Қазіргі қазақ журналистикасы» тақырыбында журналистер мен болашақ сала мамандары бас қосқан журфикс өтті. Қазақ баспасөзі жайында сөз қозғасақ, оның басында тұрған Ыбырай Алтынсарин екенін білеміз. Ұлттық газет шығаруды ойлап ең алғаш 1879 жылы «Қазақ» атауымен газет шығаруды ойластырып, макетін, 4 беттен тұрады деп барлығын жасап даярлаған болатын. Ұлты үшін ана тілінде газет шығаруды ойлаған Ыбырай арманын кейін А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары жүзеге асырды.Музейлік журфикске қазіргі таңда газет пен телеарна саласында қызмет істеп жүрген білікті журналистер шақырылды. Қазақстан Ұлттық арнасының Қостанай облысы бойынша тілшісі Дәуренбек Әбдібек «Хабар дайындау кезеңдері», Хабар Агенттілігің Қостанай облысы бойынша тілшісі Мағауия Қалиев «Авторлық бағдарлама әзірлеу», Облыстық «Қостанай таңы» газетінің аға-редакторы Айбек Ибраев «Мәтін жазу мәнері», «Қостанай» телеарнасының басшысы Ербол, Ипбергенов «Дикторға қойылатын талаптар», Астана телеарнасының Қостанай облысы бойынша тілшісі Заңғар Санай «Фейк ақпаратпен күрес. Фактчекинг жасау тәсілдері» тақырыптары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Ең алғаш аудиториямен байланыс орнап, тәжірибе түрінде студенттер үлкен экран арқылы журналистикаға қатысты сұрақтарға жауап беріп, мақалаға тақырып қойып, диктор болып жаңалық жүргізіп көрді.
Мерзімді баспасөзде зор еңбек сіңіріп, қазақ телевизиясында өзіндік стилін қалыптастырған журналистердің бөліскен тәжірибесі қатысушыларға шын мәнінде үлкен олжа болды.Жаңа форматта өткен музейлік журфик қатысушылардың қызығушылығын арттырып қызықты да тартымды өтті.