«ДАЛАНЫҢ ТАЗА БҰЛАҒЫ» кітабының тұсаукесері тау тұлғаның туған күні – 2 қарашада туған жерінде өткізілді. Қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы Ы. Алтынсариннің туып өскен өлкесі мен қажырлық қызметі жайында оқырманға жаңаша сыр шертер туынды еліміздегі ірі баспалардың бірі «Алматыкітап» баспасынан ең танымал «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрді.Кітап көп жылдық мұрағаттық, экспедициялық зерттеулер материалдарына негізделіп жазылып, 5000 данамен шықты. Экспедициялық топ Ыбырайдың ізімен Ресей және Қазақстан аумағындағы мұражайларды зерттеп, жеті мың шаршы шақырым жерді шарлап, көптеген құнды эксклюзивті фотосуреттер мен видео деректерге қол жеткізді. Бұлардың бәрі кітап бетінде оқырман назарына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, кітап ішінде орналастырылған QR код көмегімен деректі фильм, сондай-ақ, аудио иллюстрация ретінде танысуға, Ы.Алтынсарин әлемімен кеңірек танысуға мүмкіндік берілген.Екі тілде жарық көріп отырған кітаптың авторлары: Марғұлан Оспанов, Салтанат Өтелбаева. Кітапқа алғысөз жазған ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисті Ақылбек Шаяхмет. «Алматыкітап» ЖШС басшылығы ұлт пен ұрпақ жанашыры ретінде танылған тұлғаны жаңа қырынан тануға бағытталған бұл кітаптағы тың деректер мектеп бағдарламасына да енгізілетінін атап өтті.
Кітаптың таныстырылымына «Алматыкітап» баспасы көркем әдебиет бөлімінің бас редакторы Альмира Сужикова, РФ Челябі облысы, Троицк қаласының өкілдері, ыбырайтанушы ғалымдар, ардагер ұстаздар, Ы.Алтынсарин медалінің иегерлері, облыстық басқармалардың басшылары, мектеп директорлары, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.