Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа Жаңбыршыұлының туғанына 220 жыл толуына арналған тарихи-танымдық кеш «Балғожа бидің биігі» деп аталды.

Тағылымдық жиынға қатысқан ыбырайтанушы, ахметтанушы ғалымдар Серікбай Оспанұлы, Қалқаман Жақып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісі, PhD доктор Рауан Байдалы Балғожаның тарихи  келбетін, әдеби әлпетін ашқан архив деректеріне сүйеніп, тың мағлұматтармен таныстырды. Балғожаның бейнесін салған, алғашқы жобалық портреттің авторы, белгілі суретші Мұхамедқали Рахалиев, Жаңбыршының ұрпағы 86 жастағы қария Төлеутай Құрманұлы сөз сөйлеп, Балғожа би жайында әңгіме өрбітті.  Жақында белгілі болған Балғожа бидің немересі Ыбырайға жазған тағы бір өлеңін Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 5 сынып оқушысы Нұрсая Сәндібек жатқа оқыды. Осы мектептің 10 сынып оқушылары Едіресов Бекарыс пен Әміров Арман Балқожа би Жаңбыршыұлы мен Кенесарының сахналық бейнесін сомдап, көрініс көрсетті.
Осы күнге дейін Балғожаның қайтқан жылы белгілі болғанмен, туған жылы еш жерде жазылмай, фотосуреті де белгісіз  болып келді. Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде атқарылған кейінгі зерттеу еңбектері осы олқылықтың орнын толтырып, тұлғаның туған жылын белгілеп, суретін анықтауға зор мүмкіндік берді.