Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Ұлы ұстаз ұлағаты» атты тарихи-мәдени  маршруты ұйымдастырылды. Ы.Алтынсариннің қара шаңырағы саналатын  Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі және Тобыл қаласының Қостанай аудандық орталық кітапханасымен бірлесе атқарылған іс шара Ыбырай Алтынсариннің асыл мұрасын дәріптеуге арналды.
Бағыт барысы Ыбырай музейінен бастау алды. Философия ғылымдарының кандидаты, Ыбырай ізін жалғастырушы Жақып Қалқаман Хасенұлы сөз сөйлеп, жастарды Ыбырай атамыздай білімді, ұлтқа жанашыр болуға шақырды. Ал, Қостанай қаласының №29 мектебінің оқушылары Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы»  кітабындағы өлеңдерді нақышына келтіріп оқыды.
Жиналған қауым Ы.Алтынсарин ескерткішіне барып, тағзым етті.
Маршруттың соңы Ы.Алтынсарин кесенесіне барып тоқтады. Экскурсия жүргізіліп студенттер мен оқушыларға кесене жайында мол мәлімет берілді.