2022 жылдың 20-қыркүйегі күні Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде Халықаралық отбасы күніне орай «Менің отбасым-менің мақтанышым» тақырыбында жыршы-термеші Алпысов Нағашыбайдың отбасымен кездесу өтті.

Кеш барысында Нағашыбай Алпысов пен жары Күләш апа тақырып аясында отбасы құндылықтары жайында жиналған жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Тобыл-Торғай өңіріне өнерімен танылған Нағашыбай ағаның жыршылық-термешілік қабілеті де кеңінен насихатталды. Жиналғандарға домбырамен «Топжарған» поэмасынан үзінді жырлап берді. Одан бөлек жарыққа шығарған көптеген туындылары кеш барысында орындалды.

Сондай-ақ, Нағашыбай Алпысовтың балалары Абзал, Серік, Әбдірахман Алпысовтар әке ізін жалғастырып жыршылық және дәстүрлі өнердің дамуына үлес қосып жүрген өнердегі өрендер. Кеш барысында олар да терме орындап, авторлық әндерін айтып берді. Отбасы күніне орай Алпысовтар әулеті арнайы таңдалып алынды. Өйткені, қай жағынан алып қарасақ та ата тағылымы дарыған, әке өнегесі бойларына сіңген, ана тәлімін алған, саф өнердің саңлақтары екені баршасына мәлім.