Жәдігерлер санатында педагогтің өзі тұтынған жұмыс үстелі орындығымен, радиосы, жар сағаты, кітап сөресімен тағы да өзге заттар бар.
Осыған дейін бұл дүниелер Меңдіқара ауданына қарасты Ақсуат ауылындағы Спандияр Көбеев атындағы Ақсуат бастауыш мектебінің ішінен ашылған музейде сақтаулы тұрған. Оқушы санының жетіспеушілігіне байланысты жақында мектеп жабылып қалған болатын.
Ыбырай музейінің бастамасымен жәдігерлерді музей қорына өткізу туралы ұсыныс түсіреген еді. Аудандық білім бөлімі де бұл ұсынысты құба-құп көріп, алып келіп тапсырып отыр.
Жәдігерлерді өткізуге аудандық білім бөлімінің әдіскері, ауылдық бастауыш мектептің меңгерушісі және Спандияр Көбеевтің ұрпақтары қатысты.
Айта кету керек, Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен Ақсуат ауылында 2 сыныптық орыс-қазақ мектебі ашылып, 1887 жылдың желтоқсанында Алтынсариннiң тiкелей көмегiмен Спандияр 9 жасында сол мектепке қабылданған.