«Қаламын қалың қауым қастер тұтқан тұлға!» атты уақытша көрменің ашылуы өтті
2022 жылдың 17 маусымы күні Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде Қазақ журналистикасының қара нары, Қазақстанның құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қостанай қаласының құрметті азаматы Сәлім Меңдібай Тоқмырзаұлына арналған «Қаламын қалың қауым қастер тұтқан тұлға!» атты уақытша көрменің ашылуы өтті.
Салтанатты жиын басы Сәлім Тоқмырзаұлы 45 жыл қызмет атқарған «Қостанай таңы» редакциясы ғимаратының қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаның ашылуымен басталған еді.
Көрменің ашылуында Сәлім Тоқмырзаұлының көзін көріп, әріптес, дос-жаран болғандардың барлығы төбе көрсетті.
Музейдегі көрменің ашылу салтанатында 45 жыл бірге қызметтес болған белгілі сатирик, журналист Дәмір Әбіш пен шәкірт болып бірталай шапағатын көріп, тәлімін алған Мирас Жүнісбеков сынды ағалар естеліктерімен бөлісіп, сөз сөйледі. Соңында тағзым етіп келген қонақтар назарына Сәлім Меңдібайдың жарқын бейнесі үлкен экран арқылы беріліп, бейнефильм көрсетілді.