Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі «Наурыз келсе, құт келгені» атауымен музей қызметкерлері арасында байқау өткізді
Мақсаты – Шығыс халықтарының ұлттық мерекесіне айналған Наурыз мейрамын және қазақтың салт-дәстүрін әріптестер арасында дәріптеп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Байқаудың басында жүргізуші Наурыз туралы мағлұмат беріп, әділ-қазылар алқасымен таңыстырды. Олар: Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ү.Б. Әкімбаева, Қостанай қалалық «Мирас» мәдениет үйінің басшысы М.М. Нұрмұхамбетов, Қостанай қаласының тұрғыны, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері, музейдің суретшісі М.Т. Рахалиев.
Музей қызметкерлері «Балғожа би» жайлауы және «Шеген би» ауылы болып екіге бөлініп сегіз кезең бойынша бар өнерлерін ортаға салды.
Байқау «Сәлем — сөздің анасы», «Өнерді үйрен де жирен», «Ата салты-аманат», Айтыс, Ұйқассыз айтыс, Мақал-мәтелдер жарысы, «Наурыз көже қалғанша», «Күш атасын танымас» сынды аталымдардан тұрды.