Қазақтың «Ломоносовы» атанған әмбебап ғалым,  Алаш қайраткері, лингвист және математик, публицист, біртуар азамат Елдес Омарұлының туғанына 130 жыл толып отыр.

2022 жылдың 17 наурызында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде тұлғаның мерейтойына орай «Еңбегі ерен ер Елдес» тақырыбында танымдық кеш өтті.

Елдес Омарұлы қысқа ғана 44 жылдық ғұмырында артына  қыруар мұра қалдырды. Қазақ ғылымының дамуына, туған халқының жазу мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.

Іс-шараға көрнекті ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші, елдестанушы ғалым Ақылбек Шаяхмет, жергілікті зиялы қауым өкілдері, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ филология факультетінің оқытушылары мен магистранттар және студенттер, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Ақылбек Қожаұлы Елдес Омарұлының өмірі мен қызметіне қатысты өзінің зерттеуінен біршама тың деректер келтірді. Алматы қаласынан онлайн байланысқа шыққан Елдес Омарұлының ұрпағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Шуақаев елдестанудың ерекшеліктері жайында көлемді баяндама жасады.

Кездесу барысында «Беймәлім Алаш» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, №27 орта мектептің оқушысы Анель Алшоразова Ақылбек Шаяхметтің Елдес Омарұлына арнап шығарған өлеңін оқыса, жас өнерпаз Серікболсын Әбікен «Самалтау» әнін домбырамен жүрекке жеткізе орындап берді.