Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды. Салтанатты жиынды аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов бастап, алыстан-жақыннан келген меймандар облыс орталығындағы Ахаң ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады.
Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде Ахаң мерейтойының салтанатты ашылуына арналған іс-шаралар шеңберінде «Ыбырай және Ахмет» атты тарихи танымдық кездесу кеші өтті.
Жиынға Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің мемориалды музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы Имаханбет, Филология ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы, ахметтанушы ғалым, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанұлы, Философия ғылымдарының кандидаты, ыбырай ізін жалғастырушы ғалым Жақып Қалқаман Хасенұлы, сонымен қатар, облыстық мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, жоғары оқуы орындарының студенттері, магистрлері қатысты.
Алғаш сөз алған Райхан Сахыбекқызы «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы: дерек пен дәйек» тақырыбында баяндама жасады. Дәріс барысында Ахаң жасаған әліпбиге тоқталып, жазған оқу-құралдарының маңыздылығын айтып өтті.
Белгілі ғалым Серікбай Оспанұлы жуырда ғана Түркияның Анкара қаласында басылып шыққан Ахмет Байтұрсынұлы жайындағы «Ұлт ұстазы» кітабын жиналғандарға кеңінен таныстырды.
Профессор Қалқаман Жақып Ыбырай мен Ахметтің рухани байланысына кеңінен тоқталды. Ахмет Ыбырайдың заңды жалғасы екенін тілге тиек етті.
Кеш барысында көрермендер арасынан Ахаңның шығармашылығы турасында, отбасы хақында сұрақтар қойылды.