2022 жылдың 23 ақпанында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің ұжымы Тобыл өңіріне сапарлап келді.
Ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек Торғайдан мектеп ашумен шектелмей, Ақтөбе өңірінде де зайырлы мектептердің негізін қалады.
Қостанай мен Ақтөбе облыстарының мәдени-рухани байланысы жалғасын тауып келеді. Жыл сайын бірлескен игі бастамалар мен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Іс-шараның мақсаты – қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау. Мәдени-рухани байланысты орнату, іс-тәжірибе алмасу.
Келген қонақтар қатарында «Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Айбек Алданов пен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист, ыбырайтанушы Рақымжан Өтеміс бар.

Қонақтар Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінде өткен «Ырғызда бар Ыбырайдың мектебі» атты танымдық кешіне қатысты.

Кеш барысында Ыбырай ізін жалғастырушы, ұстаз, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып пен ҚР Құрметті журналисті, облыстық «Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков Ыбырай Алтынсарин жайында тағылымды ойларымен бөлісті.
