Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде Қазақстандық жастар күніне арналған кездесу ұйымдастырылды.
Айтулы күнге байланысты өңірде түрлі жетістіктерге жетіп жүрген жас өнертапқыштармен, жас ғалымдармен кездесу ұйымдастырылды.
Өткізілген шараның негізгі мақсаты – жас өрентапқыштар мен болашақ ғалымдардың күні бүгінгі дейін істеп жүрген тырнақалды туындыларын, жобаларын кеңінен насихаттап, көрерменге таныстыру.

Жас ғалым «Qyr balasy» ҚҚ-ның ғылыми қызметкері, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің студенті, филология ғылымдарының магистранты Данияр Ихсан, «Алаш» партиясының программалық жобасын жасаушы Ғазымбек Бірімжанның мұрасын насихаттаушы. Ғазымбек Қорғанбекұлының өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы туралы зерттеулерді топтастырылған кітапты жарыққа шығарып отыр. Ғазымбек Бірімжан Ыбырай Алтынсариннің анасынан таратқанда нағашы жұрты болып келеді.

Қазақстандық жас өнертапқықтардың қатарына қосылып, Қостанай өңірінің атын республика деңгейге шығарып, түрлі байқауларға қатысып жүрген Қостанай жоғары политехникалық колледждің қос бірдей студенті Эздар Бейсенов пен Вячеслав Костыревте ортамыздан табылды. Эздар Серікұлы небәрі 17 жаста. Ол «Экотренд: биологиялық ыдырайтын ыдыс-аяқ» жобасы үшін Президент грантын иеленді. Бұл жоба Қазақстан мен бүкіл әлімнің қоршаған ортасына тиетін зиянды азайтады.
Вячеслав Костырев болса «WorldSkills-Kostanai-2020» чемпионатында «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша бірінші орын иегері, «Worldskills Kazakhstan-2021» республикалық чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Мұражай басшысы Марғұлан Оспанов жас қонақтардың еңбегіне табыс, жобаларының жемісті болуына тілектестік білдіріп, алғыс хатпен және Ыбырай музейінің 30 жылдығына орай шығарылған «Асыл мұра – Аманат» альбом-кітабымен марапаттады.
