Биыл еліміз қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы ағартушылықты Алтынсаринмен бірге бастаған Шахмұрат Құлыбековтың 185 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қос ағартушының бірге оқыған жерлері Орынбор қаласы болса, оқу-ағарту саласында бірлесіп жұмыс жасаған жерлері Ырғыз қаласы болғаны мәлім.
Қазақтың ағартушылық тарихында және қазақ жерінде зайырлы мектептің қалыптасуында із қалдырған, күш-қуатын халық мүддесі үшін аямай жұмсаған адал азаматтардың есімдерін қастерлеп, еңбектерін дәріптеу мақсатында Ақтөбе облысының Ырғыз аулында «Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбеков: Ұлы даланың қос шамшырағы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Тағылымды іс шараға Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбековтың еңбектерін зерттеуші ғалымдар, Ақтөбе қаласы, Ырғызда тұратын ағартушының бір топ ұрпақтары арнайы қатысты. Конференция басталмас бұрын іс шараға қатысушылар Ш. Құлыбеков пен әулетінің қорымына барып, марқұмдар рухына құран бағыштады. Одан кейін Ырғыздағы Ы. Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ш. Құлыбеков атындағы кітапхана және мектеп жанына ашылған Ы. Алтынсарин музейімен танысты.
«Арай» мәдениет үйінде өткен конференцияны Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев құттықтау сөзімен ашып, қос ұлы тұлғаны ұлықтауда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспанов, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музей басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева, Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Гүлшат Бахтиярова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы Райбек Сағадатов, Ырғыз гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Кетебаева Ақтөбе өңіріндегі оқу-ағарту ісі, Ыбырай Алтынсарин және Шахмұрат Құлыбеков еңбектері жайында баяндама жасады.
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов, Шахмұрат Құлыбековтің ұрпағы Марат Ысқақов сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев шараның маңыздылығы жайында атап өтіп, алдағы уақытта оның жалғасын табатынын атап өтті.