2021 жылдың 15-қарашасында Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасының бірі – ақын, халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың туғанына 115 жыл толуына орай «ҚАЗАҚЫ ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ АҚ КЕМЕСІ» атты әдеби кеш өтті.

Кешке ақын апаның көзін көрген белгілі ғалым Серікбай Оспанов, айтыс ақыны Әлпия Орманшина, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ оқытушысы, доцент Мәриям Хәкімжанова шығармаларын зерттеуші Айжамал Қайыпбаева және мектеп оқушылары қатысты.

Көрермендерге ең алдымен Мәриям апа жайында деректі жазба көрсетілді.

Алғаш болып сөз алған Серікбай Оспанов Мәриям апа жайлы Алматыдағы естеліктерімен бөліссе, Әлпия Орманшина Омбы қаласында Мәриям апамен бірге жүрген кезеңдерін тебіреніп айтып берді. Айжамал Қайыпбаева Мәрия Хәкімжанованың шығармаларын зерттеу жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Кеш барысында жас ақын Рахат Сейтхан Мәриям апаға арнау өлең оқып берді. Ал, М.Хәкімжанова атындағы №20 мектептің оқушылары Мәрия апаның өлеңдерін жатқа айтса, Ы.Алтынсарин мамандандырылған мектеп-интернатының жас домбырашылары күмбірлете күй тартты.

Қонақтар назарына Мәриям апаның немерелері Айдар Хәкімжанов пен Айгүл Хәкімжанова аға, апаларымыз Алматы қаласынан жолдаған әжелері жайында бейне жазба ұсынылды.

Кеш соңында келушілер Мәрия апаға арналған көрмені тамашалады.