2021 жылдың, 25 қазаны күні Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі екі музей арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалды музейінде «Ақтөбеліктер – ұлт мақтаныштары» атты көшпелі көрмені көпшілік назарына ұсынды.
Екі облыс арасындағы мәдени, рухани байланысты нығайтып, Ақтөбелік тұлғалар туралы ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылған көшпелі көрменің ашылу салтанатына жергілікті мәдениет саласы қызметкерлері мен БАҚ өкілдері, Бауыржан Момышұлы атындағы N5 орта мектебінің оқушылары, сондай-ақ, іс-шараның құрметті қонағы ретінде Әлия Молдағұловамен майдандас болған соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов ақсақал қатысты.
Көшпелі көрме барысында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық музейінің ғылыми қызметкерлері келген қонақтарды Ақтөбе қаласының тарихи, көрікті жерлерімен таныстырып, Ақтөбе облысында туып өскен ақтөбелік ұлы тұлғалардың толық өмірбаяны, Ұлы Отан Соғысына қатысқан ақтөбелік батырлар, оның ішінде Ә.Молдағұлованың сөзсіз ерлігі мен жауынгерлік қасиеті, Әлия музейінің құрылғаны туралы тарихи нақты деректер негізінде экскурсия жүргізді.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысы тарихы туралы кітаптар, буклеттер ұсынылып, деректі фильмдер көрсетіледі.