Биыл ұлы педагог-ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толады. Ол қысқа ғұмырында ұрпағы үшін толағай іс тындырды, шын мәнінде ол ұлтының шын жанашыры бола білді. Бар ғұмырын елінің өркендеуі жолына жұмсаған ол халқын білім-ғылымға жетеледі.
Ұлт ұстазының туғанына 180-жыл толуына орай 20-қазанда Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Ұлы Даланың алып қоңырауы» атты танымдық-кездесу кеші өтті.
Аталмыш кештің мақсаты – жас буынның бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ұстаздың ағартушылық жолымен жан-жақты таныстыру. Ы. Алтынсариннің қазақ халқына сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екені шүбәсіз.
Танымдық-кездесу кешінің шымылдығы жас күйші Томирис Амангелдіқызының орындауындағы Құрманғазының күйі «Секіртпемен» түрілді. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар назарына Ұлы педагогтың өмірбаянымен таныстыратын Ы.Алтынсаринге арналған бейнефильм ұсынылды. Іс-шара барысында оқушыларға ағартушының еңбек және өмір жолымен байланысты викториналық сұрақтар қойылды.
Алғашқы ұстаз, ағартушы, ұлттық білімнің бастауында тұрған Ы. Алтынсаринді халықты білім нәрімен сусындатқан қызметі мәңгі үшін қастерлеп өтетін боламыз.