Бүгін, 31.05.2021 күні, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай, ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдауымен және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бастамасымен жүріп жатқан «Ыбырай ізімен» экспедициясы аясында академия ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері ұлт ұстазының туған жеріне келді.
Бұл шараның мақсаты – Ы. Алтынсаринді әлемдік деңгейге көтеру, Ыбырайтану мәселелерін зерттеу, жұрт арасында жалпы ағартушылықты дәріптеу болды. Елімізге белгілі қоғам қайраткерлері Ғ.Есім, С.Негимов, Ж.Қараев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғ.Бейсембаев тарихи тұлғаның ағартушылық, өнегелік мұрасын мазмұнды баяндай келіп, келелі ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында ыбырайтанушы-ғалымдармен, ардагер-ұстаздармен, білім беру саласының үздік мамандарымен “Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасы және оның Қазақстандық білім беруді қалыптастырудағы рөлі” атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара жастар мен аға буын арасындағы байланысты жалғаған жиын барысында Ы.Алтынсариннің мерейтойы, бүгінгі білім саласындағы өзекті мәселелер мен мектептердің жай-күйі, оның ішінде ауылдық мектептерді дамытудың болашағы, Ыбырай бастамаларының бүгінгі таңда қаншалықты жүзеге асқандығы туралы маңызды тақырыптар талқыланды.
Экспедиция барысында топ мүшелері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын үнсіздікпен еске алып, Ыбырай кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп, Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейімен танысты. Қала орталығында орналасқан Ы.Алтынсариннің ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Іс-шара барысында Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейі басшысына Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғ.Бейсембаевтың құттықтау хаты табысталды.