ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ұлылар ұлағатын ұлықтау және қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында 2021 жылдың 23-сәуірінде «ДАЛАНЫҢ ДАРА ҰСТАЗЫ» көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы мен ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспанұлының «ЫБЫРАЙ ЖОЛЫ» кітабының тұсаукесері болып өтті. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «ҮМІТ ЕТКЕН КӨЗІМНІҢ НҰРЫ БАЛАМ…» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Бұл іс шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және саяси қайраткерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, тарихшылар, ыбырайтанушылар қатысты. Көрменің ашылу салтанатында дыбыстық сүйемелі бар голограммалық көріністерді бейнелейтін заманауи коммуникация құралдары қолданылды. Көрмеге музей қорындағы бірегей жәдігерлер мен құнды құжаттар, фотосуреттер қойылды.

ҚР Ұлттық музейіндегі осы мазмұнды іс шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Есімова Бақыт Амангелдіқызы қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің Қазақстандағы халық ағарту ісі тарихында өлшеусіз еңбегін айта келе, ағартушы есімін ұлықтауға арналған іс шаралардың әлі де жалғасын таба беретіні жайлы айтып өтті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Негимов Серік Нығметоллаұлы «ҰЛТ ҰСТАЗЫ», педагогика ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы-ғалым Тана Әуелбекқызы Қоңыратбай «ЫБЫРАЙ ХАТТАРЫ» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, осы тәлімі мол іс-шараға Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі Каринова Шолпан Таңатқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сүйіндікқызы Сапарова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық республикалық газетінің шолушысы, журналист Бекен Қайратұлы, ҚР ағарту ісінің үздігі, экономика ғылымдарының кандидаты Ибраш Естайұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Репертуарлық саясат басқармасының басшысы Рига Талғатқызы Онаева, Креативті индустрияны дамыту жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Данат Есболұлы Жумин және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ы.Алтынсариннің өскен ортасын, оқыған мектебін, дүниетанымын бүгінгі күн талабымен ұштастыра жаңаша көзқараспен зерделеп, ағартушылық, қайраткерлік, заңгерлік, ғалымдық т.б. қырларын ашып, ыбырайтануға сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек етіп жүрген ыбырайтанушы-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серікбай Оспанұлының сиясы кеппеген «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Жиын соңында ҚР ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі мен ғалым Серікбай Оспанұлы арнайы алғыс хаттармен марапатталды.