Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ұлы мұратын жалғастырып, қайраткерлігін, ғылым жолындағы елеулі ісін әрі сабақтастырған Торғайдағы Ыбырай ашқан мектептің түлегі, Ыбырай ізін жалғастырушы Ахмет Байтұрсынұлы еді.
Екі тұлғалық музейлер арасында қарым-қатынасты нығайтып, мәдени-рухани байланысты орнату, іс-тәжірибе алмасу, ұлылар ұлағатын ұлықтау және қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, аудармашы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында 2021 жылдың 10-сәуірінде Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі А.Байтұрсынұлының 150-жылдығы қарсаңында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» ауыспалы көрмесінің салтанатты ашылуы мен ахметтанушы, ыбырайтанушы ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Бұл іс шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараның ашылу салтанатына ардагер-ұстаздар, ыбрайтанушылар, ахметтанушылдар мен қаламгерлер қатысты.
Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, ф. ғ.к., ахметтанушы-ғалым Имаханбет Райхан Сахыбекқызы өз сөзінде Ахметтану тағылымы, Байтұрсынұлы мұрасының арналы жолдары жайында тоқталып өтіп, Ыбырай мен Ахмет музейі арасындағы ғылыми ізденіс жолындағы рухани байланыстың одан әрі нығая түсетінін айтып өтті. Ф. ғ.д., профессор Әбсадық Алмасбек Ахметұлы қазақ ғылымы мен білімінің дамуында ағартушылық идеясын ту етіп көтерген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы орасан зор үлесі, Ыбырай мен Ахмет мұраларының қазақ ғылымының дамуындағы орны, зерттелуі жөнінде толығырақ баяндап берді. Белгілі журналист Қабылахат Сейдахмет ғалымның өмірі мен қызметіне байланысты тың деректермен бөлісіп, музейге Ғафу Қайырбековтың үш томдық кітабын табыс етті.
Абақтыдағы ақынның мұң-зары баян етілген Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгел» толғауын, осы шығармаға ән шығарған Нағашыбай Алпысовтың ұлы, жыршы Абзал Нағашыбайұлы орындап берді.
Көрмеде Ахаңның мұрағаттардан табылған құнды құжаттар мен бірегей жәдігерлері қойылды. Ахмет Байтұрсынұлын тергеген Хамза Нұржанұлының дауыс жазбасы тыңдалып, тергеу кезіндегі Ахаңның саусақ іздері табылған ресми құжат жөнінде айтылды.