Күлімдеген шуақты көктеммен бірге жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып жеткен Наурыз тойы Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде «Ұлы даланың ұлы мейрамы» тақырыбында аталып өтілді.

Іс-шара барысында Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов музей ұжымын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Шақырылған қонақтар – музей ардагерлері жылы лебіздерін ақтарды. Мерекелік кеш ұлттық ойындармен жалғасын тауып, «Дәмді бауырсақ», «Арқан тартыс», «Қолтірес», «Жілік соғу» сайыстары өткізіліп, мерекенің көркін келтіре түсті.

Әуезді әндер айтылып, қызықты әрі интеллектуалды конкурстар ұйымдастырылып, жиылған қауым әдемі әзілмен өрілген «Қыз бен Жігіт» айтысына куә болып, Ұлыстың Ұлы күні ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелгеніне риза болып, бір марқайып қалды.

Ұлттық дәстүріміз жаңғырған мерекелік думанға Ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы арнайы келіп, жиналған қауымға ақ батасын берді.