2020 жылғы 25 ақпан күні Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде «Мұғалім мәртебесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«Ұстаз мәртебесін арттыру» туралы жаңа заңның нормаларындағы өзгерістер талқыланған жиынға Ыбырайдың бүгінгі ізбасарлары – ардагер ұстаздар, мектеп мұғалімдері, жас мамандар, мәдениет қызметкерлері, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
М.Хәкімжанова атындағы №20 мектептің директоры Ханзада Шынболатова, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Сәбира Қайырова жаңа заңда қарастырылған мәселелер мен қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөлі туралы әңгіме өрбітті.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Өтегенова қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер, ал педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Дастан Қалиев жас ерекшеліктеріне сай білім берудің заманауи тәсілдері туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Жас маман Балнұр Баянова жаңа технологияларды пайдалану және оқыту жүйесіне тоқталды.
Іс-шара барысында студенттер арасында алдын ала музей қызметкерлері жүргізген сауалнама көрсетіліп, пікірталас туындады. «Педагог мәртебесі» жөнінде өткен тағылымды іс-шарада инновациялық білім, жаңа педагогикалық идеялар жөнінде сөз болды.