Облыстық Ыбырай Алтынсарин музейі еріктілерді жәдігер жинауға жұмылдырмақ. Бұл туралы мұражайда өткен қазақстандық волонтерлар жылына арналған кеш барысында белгілі болды.

2020 жыл – еріктілер жылы. Осыған орай Ыбырай Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейі волонтер жастармен бірлесе отырып, «Туған жер» жобасы аясында аймақта «Ұлы Дала ұстазы» ғылыми экспедициясын өткізуді қолға алып отыр. Мақсат — биылғы еріктілер жылында облыстағы мәдени шаралардың ауқымын кеңейту, бірлесіп тың бастамаларды ұйымдастыру, музейлік қор жиынтығын толықтыру.

Нұрымжан Милақатов – 2019 жылы білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» енді. Қазіргі таңда ол «Харекет» қайырымдылық қорында жұмыс жасайды. Бұл қор жағдайы төмен, көп балалы отбасыларды мүмкіндігінше баспанамен қамтамасыз етеді.

Еркін форматта өткен кездесуде белсенді болу, ерікті болу секілді түрлі тақырыптар қозғалды. Сөз алған спикерлер волонтерлық жұмыстың пайдасы туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өткен Азиада, Универсиада және ЭКСПО сынды шаралар еліміздегі еріктілер жұмысының дамуына серпін берген.